Valmont Industries компаниясы Қазақстанда VALLEY жаңбырлатып суару машиналарын өндіруді жергіліктендіру жобасын аяқтау кезеңінде.

Жоба «Имсталькон» АҚ өндірістік базасында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта кәсіпорында техниканы құрастыруға қажетті инфрақұрылым дайындалған. Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпорындармен жекелеген бөлшектерді өндіру және оларды мырыштау бойынша келісімдер жасалып, жергіліктендіру деңгейін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Жоба перспективалары Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен компания басшылығының кездесуінде талқыланды.


Үкіметтің мәліметінше, қазіргі таңда тек Қарағанды облысының өзінде шамамен 250 жаңбырлатып суару машинасына сұраныс қалыптасқан. Бұл 25 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суаруға мүмкіндік береді.
Өндірісті жергіліктендіру жабдықтарды жеткізу мерзімін қысқартып, оларды отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолжетімді етуге, сондай-ақ аграрлық секторда су үнемдеу технологияларын дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, Алматы облысында жылына 300-ден 500-ге дейін жаңбырлатып суару машиналарын шығару жобасы жүзеге асырылуда.